пятница, 17 августа 2007 г.

Ай сайын бас қосқан жиын болады...

Қазақты Мөңкедей биі барда, Абайдай ақыны барда, Құрманғазыдай күйшісі барда,.....дара демеске шамаң да, шараң да жоқ.. Сөзімнің төркіні не себепті Мөңке биден басталғанын біреу сезсе, біреу сезе қоймас. Себебі, Нострадамустан асып түспесе, кем болмайтын Мөңке бидің ойлы сөздерін бей-жай оқи салу жарамас-ты. Дегенім дәлелсіз болмас үшін мысал келтіре кетейін:
- Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңды кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Осылайша кете береді. Бұл мысал теңізге тамызылған тамшы судай ғана ғой. Әлі қаншамасы бар. Әрине, құрамалы, қорғанды үйлердің көбі рас, бірақ үйсіздер көп. Елімізде шамамен 1,3 млн адам баспанаға мұқтаж, Құрылыс департаментінің мәліметі бойынша, Алматы қаласының өзінде 400305 адам кезекте тұрған көрінеді. Айнымалы билерді санап шықпағаным рас, бірақ бүгінде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида жоқтың қасы, билердің қалтасына қомақты қаржы түспей әділ шешім шығармайтыны баршаға аян. Ал, егер туыстары істі болып, би оған теріс қабақ танытса, ағайындары оны қарғыстың астына алып, «би болған соң тойынған» деп бетін көрмей кетер еді. Жиынның қаншалықты көп болатынын күнделікті теледидар мен радио, газет беттерінен көріп-біліп жүрген боларсыздар. Ай сайын емес, күн сайын болған жиыннан халыққа түсіп жатқан пайда қарлығаштың қанатымен су сепкендей де болмас, сірә?!
Ұлға келер болсақ, арам астан дәм татып алып, өз әкесін ұрған жігіттер мен ата-анасының пікіріне қолын бір сілтеп жөнелетін арулар қаншама?! Мөңке бидің сөздерін оқып отырып қазақтың топырағына сан мәрте бас иесің!
P.S. Болашақ Мөңке билердің құлақтарына алтын сырға…

1 комментарий:

serikkazy комментирует...

Салем бердік барлықтарыңызға! Мынау өте құнды материал екен. Ұлттығымызды ұлықтайтын осындай жайттар Интернетте жиі шықса екен!